«Ақмола облысы білім басқармасының

Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Жақсы ауылының №2

жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне

Президенттің 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауы

05.09.2024

Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге табыс тілеймін.

Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді.

Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды.

Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды.

Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар.

Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Әлі де атқаратын шаруа көп.

Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.

Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады.

Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз.

Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр.

Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.

Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.

Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.

Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет.

Енді алдағы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталайын.

БІРІНШІ. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет.

Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет.

Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным.

Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды.

Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды.

Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс.

Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.

Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады.

Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет.

Енді Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет.

Экономиканы қарқынды дамыту үшін  тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.

Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды.

Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты.

Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.

Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.

Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал.

Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн.

Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр.

Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн.

Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.

Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек.

Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын.

Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.

Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек.

ЕКІНШІ. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды.

Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.

Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын.

Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс.

Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады.

Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс.

Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.

Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.

Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек.

Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады.

Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет.

Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады.

2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.

Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.

Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар.

Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін.

Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек.

Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады.

Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет.

Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр.

Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек.

Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі.

Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.

Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша  мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.

Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс.  

Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы  керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.

Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.

Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.

Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.

Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін.

Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек.  

ҮШІНШІ. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.

Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады.

Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген.

Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды.

Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс.

Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет.

Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек.

Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс.

Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет.

Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет.

Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр.

«Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн.

Үкіметке Жаңаөзендегі, Қашағандағы және Қарашығанақтағы газ өңдеу кәсіпорындарының құрылысын тездетуді тапсырамын. Бұл – басты міндет.

Осы саланы табысты дамыту үшін инвестицияның қайтарымын қамтамасыз ететін пәрменді ынталандыру шараларын қысқа мерзімде қабылдау, соның ішінде ақылға сыйымды тарифтер мен көтерме бағаларды белгілеу керек.

Газ кеніштеріне геологиялық барлау жасау үшін жаңа инвестиция тарту тұрғысынан алғанда бұл шаралар өте маңызды. Әйтпесе, экономиканы қажетті көлемде газбен қамтамасыз ету мүмкін емес.

ТӨРТІНШІ. Инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу қажет.

Бұл жұмыс, ең алдымен, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласында жүргізілуге тиіс.

Қазір энергия өндіретін жаңа нысандар салу үшін берілетін несие шарттарын қолайлы деп айта алмаймыз. Сондықтан Үкімет қаржы институттары арқылы ұзақ мерзімге арналған қолжетімді несие беру жолдарын ойластыруға тиіс.

Мемлекеттің ұзақ уақытқа арналған нақты тариф саясаты, яғни тиісті жоспары болуы керек. Бұл – осы салаға «ұзақ мерзімге инвестиция тартудың» негізгі шарты. Алайда тұтынушыларға арналған тарифтің орынсыз өсуіне жол беруге болмайды.

Энергетика және коммуналдық шаруашылық саласын жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны жыл соңына дейін бекіту керек. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру – өте өзекті мәселе.

Келесі жылдан бастап нақты ережелер енгізілуге тиіс. «Көп тұтынсаң – көп төлейсің» қағидатын басшылыққа алу қажет. Алайда тұтынушылар жеке монополистердің шырмауында жалғыз қалмауға тиіс.

Заңнамаға әлеуметтік маңызы бар қызметтер деген ұғым енгізілуі керек. Оны мемлекеттік қызмет көрсету үдерісі сияқты реттеген жөн.

Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын.

Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін.

Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын.

Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз.

Келесі мәселе. Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық.

Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Сондықтан көлік инфрақұрылымына салынып жатқан әрбір инвестиция өзін-өзі ақтайтыны сөзсіз.

Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек. Сондай-ақ тиімді жұмыс істейтін әуе хабтарын, теміржол бекеттері мен теңіз порттарын салуымыз қажет. Бұл ретте бірқатар кешенді мәселені шешкен жөн.

Теміржол саласында реформа жасау үшін тариф жүйесі қайта қаралуы керек. Бұл – айдан анық нәрсе. Жаңа тарифтер теміржол желісін қалыпты жағдайда сақтауға және оның тасымал қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы үш ірі инфрақұрылымдық жобаны қолға алды, яғни теміржол салып жатыр. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Бұл жобалар бекітілген мерзімде және өте сапалы іске асырылуға тиіс.

Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын.

Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек.

Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын.

Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын іске қосу керек. Бұл орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады.

Цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. Елімізде экономикаға қажетті электр қуатын өз керегіне шамадан тыс пайдаланатын, сөйте тұра салықты аз төлейтін кәсіпкерлер бар. Міне, осындайларды жөнге салу керек.

2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталмақ. Еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор. Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз.

Жалпы, телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек.

Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет.

Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек.

Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл, әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды.

Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек.

Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн.

Туризм жобаларын жүзеге асырғанда табиғатқа зиян келтірмей, экологияны сақтау барынша маңызды екенін ерекше атап өткім келеді.

Келесі. Ирригация жүйелері және жалпы су шаруашылығы мәселесімен мұқият айналысу қажет.

Көктемдегі алапат тасқын бүкіл еліміз үшін үлкен сынақ болды. Сол қиын күндерде біз ынтымағы жарасқан ел екенімізді көрсеттік. Қазақстанның әр аймағынан жиналған еріктілер мен жанашыр азаматтар зардап шеккен жұртқа көмек қолын созды. Менің елдік істен шет қалмау туралы үндеуіме ірі бизнес өкілдері де қолдау білдірді. Мемлекеттің батыл әрекеті мен халықтың өзара тілектес болуының арқасында аса қиын жағдайдан аман-есен өттік. Дегенмен, орталық және жергілікті билік өкілдері осы оқиғадан сабақ алуы керек.

Қазіргі заманда біз кез келген қатерге дайын болуымыз қажет. Сондықтан қарғын суды жинап, диқандардың қажетіне жарату үшін оны дұрыс сақтай білген жөн. Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру керек. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет.

Су қорын жинап, оны тиімді пайдаланып, ирригация жүйесін дұрыс қолдана алсақ, бұл салаға да инвестиция тартуға болады. Сондықтан тариф саясатын реттеп, инвесторларға тиімді қолдау шараларын ұсыну қажет. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Нақты жұмысқа кірісу керек.

БЕСІНШІ. Еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп арттыру өте маңызды.

Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.

Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.

Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады.

Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады.

Осы ретте грант құны жастарды сапалы оқытуға мүмкіндік беруге тиіс. Мемлекет қаржысын университеттің бәріне шашып, оңды-солды тарата беруге болмайды.

Үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайту керек. Инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру қажет. Мұндай қадам әр саладағы инновацияға серпін береді. Сондай-ақ жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін арттырады. Сонымен қатар ғалымдардың шетелдегі тағылымдамасын әншейін синекураға және «академиялық туризмге» айналдырмау керек.

Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс.

Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам.

Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін  жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек.

Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтар мемлекеттік марапаттар санатына қосылады.

Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді.

Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады.

Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын.

Үкімет жайлы мектептерді арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластыруы керек.

Сонымен бірге еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуы керек.

Мемлекет кепілді төлемдер үшін қыруар қаражат бөледі. Оның ішінде жекеменшік мектептерге берілетін қаржы да бар. Мысалы, 250 мыңнан астам бала оқитын жекеменшік мектептерге биылдың өзінде бюджеттен 134 миллиард теңге бөлінді.

Ата-аналар мемлекеттің жеке меншік мектептерге нақты көмек беріп жатқанын білуге тиіс. Осыған орай әр балаға норматив бойынша бөлінген қаражат көрсетіліп тұруы қажет. Сонда азаматтарымыз әлеуметтік бағдарламаларға бөлініп жатқан қаржы туралы шынайы ақпараттан хабардар болады.

Бұдан бөлек, мектептердің жұмысын жақсарту шараларын қолға алған жөн.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал.

Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет.

Баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударған жөн. Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін  одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың  әлеуетін арттырамыз. 

АЛТЫНШЫ. Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.

Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды.

Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс.

Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек.

Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс.

Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тарту қажет. Өкінішке қарай, шетелдердің мемлекеттік-жекеменшік әріптeстікке қатысты озық тәжірибелері заңнамамызда толық көрініс тапқан жоқ. Мұның бәрі жобалардың тиімсіз болуына, бюджетке түсетін салмақтың тым артуына әкеп соқтырады. Бұл тәсілдерді қайта қарап, инвестиция тарту үшін ақылға қонымды тарифтер ұсыну қажет. Үкімет денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуі керек.

Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе.

Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп,  тиімді тарату қажет.

Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше
мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым.

Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын.

Келесі мәселе. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады.

Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын.

Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс. 

ЖЕТІНШІ мәселе. Экологиялық ахуалды жақсарту – алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі. Біз қоғамда қоршаған ортаны қорғаудың мән-маңызын кеңінен дәріптеуіміз керек.

Халықты экологиялық факторлардың жағымсыз әсерінен сақтау қажет. Бизнес өкілдері табиғатты қорғау ісіне зор жауапкершілікпен қарауы керек. Үкімет пен «Атамекен» палатасы осы бағытта нақты шаралар қабылдауға тиіс. Бұл салаға озық технологияларды кеңінен енгізу жұмысын жалғастыру қажет. Табиғатты ластайтын қалдықтарға мониторинг жасайтын озық жүйе ойдағыдай жұмыс істеуге тиіс.

Қазақстанның бірегей жануарлар және өсімдіктер әлемін сақтау мәселесі әрдайым өзекті болып қала бермек. Мемлекет алдағы уақытта да кең байтақ даламызды және орманымызды өрттен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдайды.

Қазақстанның табиғаты өте бай және алуан түрлі. Алайда орман-тоғайлар жеріміздің 5 пайызын ғана алып жатыр. Табиғаттың әр алуандығын сақтау үшін біз орман алқаптарын көбейтуіміз қажет.  Бұл міндет еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де өте маңызды. Мен Президент болып сайланған күннен бастап осы мәселеге ерекше мән беріп келемін.

Елімізді көгалдандыру жұмысының қарқыны жаман емес. Тоқтап қалмай, оны жалғастыру қажет. «Семей орманы» аясында орман тұқым бағы бар. Бұл – Орталық Азиядағы халықаралық озық талаптарға сай көшет өсіретін бірден-бір кешен. Осы жобаны басқа да орманды аймақтарда жүзеге асырған абзал.

Орман-тоғайды көбейту бүкіл елді жұмылдыратын нағыз халықтық идеяға айналуы керек. Сондықтан ел ішінде ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн.

Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама.

«Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет.

Халқымыздың бойында жақсы қасиеттер өте көп. Мысалы, өзге елдер бізді қонақжай, ақкөңіл халық ретінде біледі. Дәл солай тазалық жұртымыздың қанына, жанына сіңген қасиет болуы керек.

«Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Олар жұртқа істің мән-маңызын түсіндіріп, жұмысты дұрыс үйлестіруге міндетті.

Аймақ басшысы шаруашылықпен ғана айналыспайды. Әкім қоғамдық, рухани мәселелерді әрдайым назарда ұстауға тиіс. Әрбір басшы елмен етене жұмыс істеуі керек, тұрғындармен сенімді байланыс орнатуы қажет. Сонда жұрт та оның бастамаларын қолдайды, ел үшін пайдалы іске жұмыла кіріседі. Әкімнің абырой-беделі дегеніміз де – осы.

СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін барынша арттыру керек.

Мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғалы бес жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениетін өзгерте алдық. Пікір білдірудің бірқатар тиімді тетігі және түрлі диалог алаңдары пайда болды. Мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен тікелей сөйлесуі қалыпты жағдайға айналды. Бұл тұжырымдама мемлекеттік қызметшілер мінез-құлқының жаңа моделін қалыптастырды. Олар жауапкершілікпен, проактивті, ашық және тиімді жұмыс істей бастады.

Дегенмен мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың сапасын одан әрі арттыра түсу үшін бәріміз адал әрі әділ болуымыз, тек заң аясында әрекет етуіміз, берген уәдеміз бен ісіміз үшін жауап бере білуіміз керек.

Біз талқыланып жатқан мәселелердің мән-жайын біле бермейтін, тым асыра сілтеуге бейім тұратын популистердің қоғамдағы кейбір бастамаларды іліп алып, өз мүддесіне бұрып әкететінін көріп жүрміз. Мұның демократияға еш қатысы жоқ.

Өтініштерді қарауға қатысты жұмыстың бірыңғай экожүйесі қалыптаса бастағаны өте маңызды. Бұл жүйе халықтың қажеттілігі мен талап-тілегін нақты біліп отыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс.

Азаматтарымыздың соңғы жылдардағы тағы бір талабы – әкімдерді тікелей сайлау жүйесін енгізу. Бұл талап та орындалды.

Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі 2021 жылы енгізілді. Содан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90 пайызға жуығы деген сөз. Қалғандары әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте  жұмыс істемеген.  Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері бар. Орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтсақ, халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды.

Былтыр күзде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлай бастадық. Барлық облыста 45 әкім жаңа тәсілмен сайланды. Біз сайлау нәтижесін және сайланған әкімдердің жұмысын жан-жақты зерделедік. Соның қорытындысы бойынша түбегейлі шешім қабылдадық. Келесі жылдан бастап жаңа жүйеге біржола көшеміз. Бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келеді. Әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталуына қарай, яғни ротация мерзімі жеткенде сайлау біртіндеп өткізіле береді. Бұл да – саяси жүйені реформалау ісіндегі кезекті маңызды қадам. Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді.

Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мәселесі әлі де өзекті. Үміткерді кызметке тағайындаған кезде оның кәсіби және моральдық қасиеттерін мұқият ескерген жөн. Бұрынғы жұмысын қалай атқарғаны да қаперде болуы керек. Меритократия қағидаттарынан ешкім бас тартқан жоқ. Бұл бағыттағы жұмыстың аяқ алысы жаман емес. Қазір мемлекеттік органдардың бәрі кадр жөніндегі бірыңғай ақпараттық жүйеге көшті.

Енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Үкімет бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің кадр мәселесіне қатысты жұмысын толық автоматтандыруы керек.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет.

Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады.

Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді.

Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге  қарсы  батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Осы заңның талаптарын орындау үшін қоғам мен мемлекеттік аппарат күш жұмылдыруы керек. Сонда ғана жағдайды түзетіп, заң үстемдігін және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға негізделген сұраныстары – әділдік және қауіпсіздік. Осы негізгі сұраныстардың толығымен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс істейтінін айқын көрсетеді.   

Елімізде ауқымды реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Саяси жаңғырудың нәтижесінде азаматтарымыздың өз ойы мен пікірін ашық айтып, мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне араласуына жол ашылды. Сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан терең өзгерістер жасалып жатыр.

Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз.

Тағы бір мәселе – азаматтардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бастап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар басымдық.

Көптеген елде, тіпті кейбір дамыған мемлекеттердің өзінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршіп тұрғанына қарамастан, біз соңғы жылдары қауіпсіз қоғам құру жолында едәуір жетістікке жеттік. Көшедегі, қоғамдық орындардағы қылмыс пен заңсыздық тыйылып келеді. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды.  

Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді.

Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс.

Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек.

Жол апаттары қоғамның зор алаңдаушылығын туғызып отыр. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 1300-ден астам адам қаза болып, 16 мыңнан астам азамат зардап шекті. Адамдар күн сайын жол үстінде қазаға ұшырап жатыр. Олардың арасында тұтас отбасылар да бар.

Жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту және интеллектуалдық жүйені енгізу арқылы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Бұл – жергілікті ғана емес, республикалық жолдарға да қатысты мәселе.

Осы салаға жауапты мекеме автокөліктердің техникалық жағдайына тиісті бақылау жасауы қажет.

Жүргізушілерді даярлау деңгейінің де төмендеп кеткені жасырын емес. Жүргізуші куәлігін арнайы оқымай-ақ алатын жайттар бар. Үкімет, әкімдер, Ішкі істер министрлігі батыл қадам жасауы керек. Депутаттар бұл мәселені назарда ұстауға тиіс.

Әскер қатарында заң мен тәртіптің сақталуы – айрықша маңызды міндет.

Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты.

Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады.

Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың отырысында айттым. Елдің болашағына кесірін тигізетін бес кеселге тоқталдым. Содан бері біршама жұмыс атқарылды. Вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Вейпке, яғни электронды темекіге тыйым салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп жатыр. Әлеуметтік кеселдің бәрімен тұтас жұрт болып жұмыла күресу қажет.

Халқымыз қашанда кең пейілімен, толеранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен, осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбіне жекелеген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі.

Бұған қоса бізге белгілі кейбір теріс пиғылды адамдар, оның ішінде шетелде жүргендер де бар, мәселені ушықтыру арқылы қоғамдық пікірге ықпал еткісі келеді, елімізге орынсыз шүйлігеді.

Қазақстанның қоғамында да, билігінде де ешқандай «фобия» бұған дейін болған емес, қазір де жоқ, болашақта да болмайды. Сондықтан ақша үшін ел ішіне іріткі салуды көздейтін мұндай жымысқы әрекеттерден түк шықпайтыны анық. 

Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз.

Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан  алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек.

Ылғи да кейін қайырылып, өткенмен өмір сүруге, бұрынғы жүйеден немесе саяси тұлғалардан кінә іздей беруге болмайды. Өз халқыңның тарихын білу керек, бірақ одан тек еңсеңді түсіріп, өзгеге өкпе артуға себеп іздемеу қажет. Қандай қасіретті болса да, өткен оқиғалардан, ең алдымен, тағылым ала білген жөн. Біз келешекке сеніммен көз тігіп, еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуын ойлауымыз қажет. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін.

Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Бұл – қазіргі аса күрделі геосаяси ахуал кезінде өте жоғары кәсібилікті талап ететін дипломатияның міндеті.

Қазақстан бейбіт және теңгерімді сыртқы саясатты қатаң ұстанып келеді. Еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін нығайту, шетелдегі азаматтарымыздың құқықтарын қорғау, ұлттық мүдделерімізді ілгерілету, экономикаға инвестиция тарту – дипломаттарымыздың басты міндеті. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын қатаң ұстана отырып,  көп жақты ынтымақтастық орнатуға қашанда дайын екенін паш етіп келеді. Еліміз халықаралық қауіпсіздік және тұрақтылық мәселелерін шешуге белсенді атсалысады.

Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы мен басқа да халықаралық ұйымдардың терроризмге, экстремизмге, заңсыз көші-қонға, климаттың өзгеруіне және өзге де қауіп-қатерлерге қарсы күресу жолындағы талпыныстарын құптаймыз. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметін, қарусыздануға қатысты бастамаларын барынша қолдаймыз, қарулы қақтығыстарды дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз.

Астанада Қазақстанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммиттері сияқты бірқатар маңызды халықаралық іс-шара өтті. Бізге қолдау көрсеткені үшін одақтастарымыз бен серіктестерімізге шынайы ризашылығымызды білдіреміз.

 

Құрметті отандастар!

 

Қазір әлемде қандай түбегейлі өзгерістер болып жатқанын білесіздер. Экономикалық, саяси, климаттық және басқа да жаһандық, аймақтық ауқымдағы қауіп-қатерлер аз емес. Осындай жағдайда күнделікті шаруамен қатар стратегиялық маңызы бар көптеген мәселені шешуімізге тура келеді. Әрине, бір мезетте барлығына бірдей ресурсымыз жетпейтіні анық.

Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз.

Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті.

Үкімет мүшелері, әкімдер, депутаттар және барша қоғам өкілдері әрдайым отаншылдық идеясына адал болуға тиіс. Әр іс елге деген жанашырлық ниетпен жасалуы керек. Әрбір қадамымыз елге пайдасын тигізуі қажет. Біз еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салық төлесек, өз өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуатын арттыра түсеміз. Демек Отанымызға да, отбасымызға да пайдамыз тиеді  деген сөз.

Біз қиындықтарға мойымай, барлық мәселені біртіндеп, байыппен шешуіміз керек. Мұның бәрі халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, қазіргі бұлыңғыр замандағы еліміздің тағдырына да тікелей әсер етеді.

Біздің ұзақ мерзімге арналған даму жолымыз – айқын. Биік мақсаттарымыз бар. Оған жету үшін, ең алдымен, ел бірлігін сақтай білуіміз керек. Бір-бірімізге қолдау білдіріп, құрмет көрсетуіміз қажет.

Біз – берекелі бірліктің арқасында түрлі сынақтан сүрінбей өткен халықпыз. Алдағы уақытта да солай болмақ. Бәріміз бір ел болып, әділетті және дамыған Қазақстанды бірге құрайық. Сонда әркім өз елінің кірпіші болып қаланып, арман-мұратына жете алады.

Әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беретін мемлекетті, яғни Әділетті Қазақстанды болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ міндет. 

Мен Мемлекет басшысы ретінде осы міндетті орындауға бар күш-жігерімді саламын. Сіздер де ортақ мақсатқа жету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін.

Қастерлі Отанымыз – Қазақстан өркендей берсін!

Халқымыз аман болсын!

Просмотров: 2518


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

СоцСети


«    Желтоксан 2024    »    
ДсCcБрСрЖмСбЖк
 
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31
 

Ұйымдар тізімі
Текст