«Ақмола облысы білім басқармасының
Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Жақсы ауылының №2
жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне
Бүгін Жақсы ауданы бойынша білім беру ұйымдарында 2023 жылдың 20 қарашасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Бейсембаев Ғани Бектайұлының тікелей тапсырмасы бойынша алғаш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың бірінші кезеңі басталды. Олимпиаданың мақсаты — ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының дарыны мен қабілеттерін анықтау және оларға қолдау білдіру, неғұрлым академиялық қабілетті оқушыларды табу, олардың зияткерлік дамуы мен кәсіби бағдарлануына жағдай жасау.
Ауыл мектептеріне арналған олимпиада Қазақстанның шалғай елді мекендеріндегі дарынды және талантты балаларды анықтауға және дамытуға бағытталған. Өткізу қағидаларына сәйкес олимпиада 13 пән бойынша (жаратылыстану–математикалық бағыттағы 6 пән бойынша, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 7 пән бойынша) өткізіледі және 3 кезеңнен тұрады. Бастапқы кезеңге қатысу үшін оқушылар аuyl.daryn.kz сайтында тіркеліп, нәтижесінде Жақсы ауданының 19 ауылдық мектебінен 220 оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиада «бір компьютер – бір оқушы – бір камера» қағидаты бойынша өткізіледі. Олимпиаданың барлық кезеңдерінде оқушылардың аты-жөні әділ-қазылар үшін жасырын болады. Әр кезеңнен кейін тапсырмалардың сканерленген нұсқасы, қатысушылардың жұмыстары мен дұрыс жауаптар орталықтың сайтында жарияланып отырады.
ІІ іріктеу кезеңін желтоқсан айында облыстық білім басқармалары өткізеді. Тапсырмалар дәстүрлі олимпиадалық тапсырмалар түрінде онлайн-платформада беріледі.
Олимпиаданың III кезеңіне ІІ кезеңнің жеңімпаздары (нәтижелерге сәйкес, әр пән мен сынып бойынша екіден артық емес) қатысады: жаратылыстану-математикалық бағыт пәндері бойынша 9-11(12) сынып оқушылары және қоғамдық-гуманитарлық бағыт пәндері бойынша 10-11(12) сынып оқушылары.