«Ақмола облысы білім басқармасының

Жақсы ауданы бойынша білім бөлімі Жақсы ауылының №2

жалпы орта білім беретін мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИKАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫ

03.06.2022

Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 986 Жарлығы.

      Мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын одан әрі айқындау мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсыстратегиясы (бұдан әрі — Стратегия) бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері өз қызметінде Стратегияны басшылыққа алсын және оны іске асыру жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 04.08.2018 № 723 Жарлығымен.
 

      3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

 

Президенті

Н.Назарбаев


 

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ 2015-2025 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН СЫБАЙЛАС

1. Кіріспе

      "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" сыбайлас жемқорлықты ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп-қатер қатарына қояды және мемлекет пен қоғамды осы келеңсіз құбылыспен күресте күш-жігерді біріктіруге бағыттайды.

      Қазақстанның осы маңызды мәселе бойынша қағидаттық ұстанымын білдіретін еліміздің басты стратегиялық құжаты мемлекеттің алдағы жылдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізі болып табылады.

      Сыбайлас жемқорлық мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуды тежейтіні баршаға мәлім.

      Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді, әлемдік стандарттарға сай институттары мен тетіктерін құру бағытымен мақсатты және кезең-кезеңмен жүріп келеді.

      Біздің елімізде қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істеуде, оның негізі "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" және "Мемлекеттік қызмет туралы" заңдар болып табылады, бірқатар бағдарламалық құжаттар іске асырылуда, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы функцияларды кешенді түрде іске асыратын арнайы уәкілетті орган құрылды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді жүзеге асырылуда.

      Әлеуметтік шығу тегі мен мүліктік жағдайына қарамастан, оның кезінде басшылық орындарға қабілетті және кәсіби дайындалған адамдар орналасатын меритократия қағидаттарының негізінде мемлекеттік қызмет жүйесі қалыптасты, оның ішінде мемлекеттің әрбір органы мен лауазымды адамының функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі нақты ажыратылып және айқындалып қалыптасты.

      Шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстарын қысқартатын және сыбайлас жемқорлық көріністері үшін жағдайларды барынша азайтатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын дамыту мен мемлекеттік аппараттың жұмысын ақпараттандыру жөнінде кешенді шаралар қабылданды.

      Қазақстанға әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге мүмкіндік берген азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, ұлттық экономиканың өсуі, бизнесті жүргізу жағдайларын, халықтың құқықтық сауаттылығы мен әлеуметтік белсенділігін жақсарту, электрондық үкіметті енгізу жөніндегі қолданылып жатқан шаралар да заңға бағыну мәдениетін және жүріс-тұрыстың жалпы қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы модельдерін қалыптастыру үшін алғышарттар жасайды.

      Сонымен бірге экономиканың одан әрі өсуі, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлемнің неғұрлым дамыған бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына кіру жөніндегі өршіл міндетті жүзеге асыру бойынша стратегиялық міндеттерді шешу мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жаңғыртуға негізделген жаңа жүйелі шаралар қабылдауды және оны іске асырудағы азаматтық қоғам институттарының рөлін арттыруды талап етеді, бұл сыбайлас жемқорлық көріністерін барынша азайтуға мүмкіндік берер еді.

      Бұл орайда қазіргі кезеңде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны (бұдан әрі – Стратегия немесе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия) айқындайтын жаңа бағдарламалық құжатын қабылдау қажеттігі болып тұр.

      Мұндай құжатта сыбайлас жемқорлық деңгейін түбегейлі қысқартуға, мемлекет пен қоғам өмірінің түрлі салаларында оны тудыратын себептер мен жағдайларды жоюға қабілетті превентивтік сипаттағы кешенді шараларға жетекші рөл берілуі тиіс. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс.

      Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бизнесті дамыту жолындағы әкімшілік кедергілерді жою, Қазақстанда жұмыс істейтін отандық және шетелдік кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін кез келген сыбайлас жемқорлық көріністерінен тиімді қорғау жөніндегі шаралардың басымдығын да көздейді.

      Тұтастай алғанда, мұндай Стратегия мемлекет пен қоғамның тыныс-тіршілігінің негізгі салаларын қамтуға, жан-жақты және дәйекті сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар кешенінің әзірленуін және жүзеге асырылуын көздеуге, сөйтіп, мемлекеттік биліктің барлық деңгейлерінде, сондай-ақ, жекеше секторда сыбайлас жемқорлықты барынша азайтуды қамтамасыз етуге, қазақстандық азаматтардың осы әлеуметтік зұлымдыққа төзімсіз көзқарасын қалыптастыруға тиіс.

      Бұл ретте Стратегия айқындайтын базалық бағыттар түпкілікті болуы мүмкін емес. Олар жекелеген іс-шаралардың орындалуына байланысты және сыбайлас жемқорлық құбылысына, оның себептеріне, сыбайлас жемқорлық жүріс-тұрысты ынталандыруға терең талдаудың нәтижелерін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы істердің жай-күйін байсалды және объективті бағалауды ескере отырып түзетілуге тиіс.

2. Ағымдағы ахуалды талдау
2.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы оң үрдістер

      Қазақстандық мемлекет дамуының алдыңғы кезеңдерінде жалпы мойындалған нәтижелерге қол жеткізілді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ісінде айқын оң үрдістер байқалды, оларды күшейту және дамыту ел дамуының қазіргі заманғы кезеңіңде осы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны табысты іске асырудың кепілі болады.

      Қазақстан ТМД елдерінің арасында алғашқылардың бірі болып осы келеңсіз құбылыспен күрестің мақсатын, міндеттерін, негізгі қағидаттары мен тетіктерін айқындаған "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңды қабылдады.

      2001 жылдан бастап Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар іске асырылуда, олардың шеңберінде сыбайлас жемқорлық көріністері пайда болуының себептері мен жағдайларын жою жөніндегі нақты шаралар қабылдануда.

      1999 жылдан бастап қолданыстағы "Мемлекеттік қызмет туралы" Заң және 2005 жылы Мемлекет басшысы бекіткен Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі Қазақстанда есеп берушілік, ашықтық және меритократия қағидаттарында құрылған кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін негіз жасады.

      Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы реттеуші және құқық қорғау функцияларын біріктіретін арнайы мемлекеттік орган құрылды. Ол мемлекеттік қызметті ұйымдастыру мен өткеру және мемлекеттік аппарат тазалығына мониторинг жүргізу мәселелерін реттеуге ғана арналған емес, оған сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның профилактикасы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған адамдарды қылмыстық қудалау функциясы да берілген.

      Бұл ретте алдын алу-профилактикалық қызмет жаңа құрылған орган үшін басымды болып табылады.

      Жаза бұлтартпастылығы қағидаты табысты іске асырылуда. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін жасағаны үшін әшкереленген шенеуніктер атқарып отырған қызметтері мен шендеріне қарамастан, заңның барынша қатаңдығы бойынша жауапты болады.

      Қылмыстық-құқықтық саясат сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін лауазымды адамдардың қатаң жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін қатал жауапкершілік қажеттілігі Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген.

      Осындай қағидаттық тәсіл жаңа Қылмыстық кодексте іске асырылған. Мәселен, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған адамдарға мерзімнің ескіруі қолданылмайды, шартты түрде соттауға тыйым салынған, мемлекеттік қызметте лауазымға орналасу құқығына өмір бойына тыйым салу енгізілді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін басшылардың дербес жауапкершілігі жөніндегі нормалармен толықтырылды. Онда "мүдделер қақтығысы" деген маңызды ұғым бекітілген.

      Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейтумен қатар олардың әлеуметтік кепілдіктері де жетілдірілуде.

      Мемлекеттік аппараттың еңбекақысын кезең-кезеңмен, үнемі көтеріп отыру мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік өзін-өзі сезінуін арттыруға және олардың өз міндеттерін адал және әділ негізде орындауы үшін жағдайлар жасауға арналған.

      Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламасы мен Құқық қорғау органдарының кадр саясаты тұжырымдамасында құқық тәртібі органдарына деген сенім деңгейін арттыруға, мінсіз жүріс-тұрыспен және құзыреттіліктің жоғары деңгейімен ерекшеленетін персоналды қалыптастыруға бағытталған шаралар көзделген.

      Сот жүйесіне деген сенімді арттыруға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау ісінде оның рөлін күшейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Судьялар корпусын қалыптастыру тетігін жетілдіру, электрондық сот ісін жүргізуді дамыту, оның ашықтығы мен қолжетімділік деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылданды.

      Жер-жерде ақпаратқа колжетімділік кеңейтілді, оған электрондық үкіметті, сондай-ақ мемлекеттік және жекеше құрылымдардың интернет-ресурстарын қалыптастыру жөніндегі шаралар ықпал етті.

      Азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілері туралы кедергісіз ақпарат алуы, оның ішінде мемлекеттік органдардың сенім телефондары мен веб-сайттары арқылы кедергісіз ақпарат алуы үшін жағдайлар жасалды.

      Елдің инвестициялық тартымдылығын күшейту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында кәсіпкерлік қызметті, халықтың сапалы және тез арада мемлекеттік қызметтерді алуын қиындататын әкімшілік кедергілер жойылуда.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Заңның және "Рұқсаттар мен хабарламалар туралы" Заңның қабылдануымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру үшін жағдайлар жасалды, рұқсаттар саны мен қызметтің лицензияланатын түрлері күрт азайды. Мемлекеттік қызметтерді көрсетудің тиімділігін бағалау және оның сапасын сыртқы бақылау жүйесі қалыптастырылды.

      Атқарылған жұмыстың нәтижесінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің мерзімдерін бұзу саны (2012 жылмен салыстырғанда 8,7 есеге) және оларды көрсету сапасына шағымдардың саны (25%-ға) жыл сайын төмендеп келеді, сондай-ақ автоматтандырылған қызметтердің үлесі (2 еседен астам) және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы көрсетілетін қызметтердің үлесі (51%-ға) ұлғайды.

      Мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыру деңгейі артуда, бұл бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына, бюджет қаражатының ашық және тиімді игерілуіне ықпал етеді.

      Экономиканың мемлекеттік емес секторында кәсіпкерлік қызметті жүргізу, жұмысқа орналасу және халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасалды.

      Тұтастай алғанда, аталған шаралардың қабылдануы Қазақстанға сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет деңгейі бойынша Орталық Азия өңірінде де, ТМД елдері арасында да көшбасшы орындардың бірін алуға мүмкіндік берді.

2.2. Шешімін талап ететін проблемалар

      Күрделі, тарихи өзгермелі, келеңсіз әлеуметтік құбылыс болып табылатын сыбайлас жемқорлық адамзат өркениеті дамуының ерте кезеңдерінде пайда болғаны мәлім.

      Сыбайлас жемқорлық проблемасы барлық елдерде бар, ол әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуді баяулатып, тек өзіне тән көріністермен және ауқымымен ерекшеленеді.

      Сыбайлас жемқорлық іс-әрекетінің әмбебап және бәрін қамтитын анықтамасының жоқтығына қарамастан, оған ең алдымен шенеуніктердің билікті немесе лауазымдық жағдайын жеке пайда алу үшін теріс пайдалануын жатқызады, ал оның неғұрлым таралған түрлері ретінде әдетте шенеуніктерді сатып алу, қызметтік өкілеттіктерін пайдакүнемдік мақсаттарда пайдалану болып танылады.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді шараларын әзірлеудің күрделілігі оның жеке алғанда әрбір мемлекет үшін ерекшеліктеріне және оның өзгермелі сипаттамаларына қарай қиындықтарына да байланысты.

      Сыбайлас жемқорлықтың себептерін, жағдайлары мен салдарларын айқындаған кезде жергілікті діл, ұлттық және діни ерекшеліктер, құқықтық мәдениеттің деңгейі сияқты факторлар ескерілуі тиіс.

      Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-қимылдың басты шарттары билік органдарының қоғамға есеп берушілігі мен оның бақылауында болуы, сот төрелігінің тәуелсіздігі мен әділдігі, баяндауда анық және қолдануда күрделі емес заңдар, мемлекеттің кадр саясатындағы меритократия, мемлекеттік рәсімдердің ашықтығы және қоғамның сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздігі болып танылады.

      Экономиканы жаңғырту және ауқымды әлеуметтік өзгерістер жағдайында Қазақстанда мемлекеттің қазіргі заманғы әлеуметтік-экономикалық саясатымен тығыз байланыстырылған, біздің қоғамның мәдениеті мен этикасын, осы әлеуметтік зұлымдықпен күрестегі халықаралық трендтерді ескеретін біртұтас сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияға деген қажеттілік айқын бола түсуде.

      Стратегия сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырудың жаңа тетіктері мен құралдары үшін негіз болады.

      Тікелей құқық қорғау құрамдасынан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта мемлекеттік басқарудың, мемлекеттік қаражатты бөлудің және пайдаланудың ғылыми негізделген нысандары мен әдістерін таңдау және осының негізінде сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою да маңызды.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесінде негіз қалаушы буын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың пайда болуына ықпал ететін жағдайлар мен себептерді айқындау және барынша азайту болып табылады.

      Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді, олардың түрлі салалар мен аяларда таралу деңгейін бағалау, мемлекеттік, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті нормативтік-құқықтық реттеудегі олқылықтарды, мемлекеттік-құқықтық реттеу тетіктерінде туындайтын проблемаларды анықтауға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет процесінде құқық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған шараларды әзірлеуге ықпал етеді.

      Қоғамдық өмірдің неғұрлым маңызды мәселелерін қозғайтын шешімдерді қабылдаған кездегі ашықтықтың жеткіліксіз болуы, мемлекеттік аппараттың қызметінде тиісті азаматтық бақылаудың және қоғамдық пікірді ескерудің болмауы артық төрешілдікке, әкімшілік кедергілер мен лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануға алып келеді, бұл жиынтығында сыбайлас жемқорлық көріністерінің өсуіне ықпал ететін келеңсіз факторларды қалыптастырады.

      Ұлттық заңнаманың базалық салаларының болып жатқан сапалы жаңаруына қарамастан, қолданыстағы ұйымдастырушылық-құқықтық тетіктерде басты проблема тиісті құқық қолдану мәселелерінің шешілмеуі болып қалып отыр.

      Сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау құралдарының барлық арсеналын пайдалану әлі де өзекті проблема болып табылады.

      Қолданыстағы заңнаманың және қазақстандық құқыққа тән институттардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл үшін пайдаланылмаған әлеуеті бар, оны толыққанды іске асыру мүмкіндігі осы саладағы шетелдік модельдер мен тәжірибені енгізу мәселелерін қараған кезде барынша ескерілуге тиіс.

      Алдын алу-профилактикалық жұмыста да жүйелік жоқ.

      Осы орайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті орган үшін қылмыстық қудалауға қарағанда, сыбайлас жемқорлық көріністерінің себептері мен жағдайларын айқындау мен жоюға бағытталған алдын алу шараларын әзірлеу және қабылдау басымдық болуы тиіс.

      Бұл ретте назар жергілікті билік органдарының қызметіне де аударылуы тиіс, өйткені, өңірлердегі істердің жай-күйі үшін олардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі кеңейтіледі және дәл солар өз мемлекеттік көрсетілетін қызметтерімен азаматтардың күнделікті мұқтаждықтары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді.

      Тұтастай алғанда, уәкілетті органның қызметінде оның құқық қорғау және реттеуші функциялары арасындағы теңгерім сақталуы тиіс.

      Мемлекеттік функцияларды орындаған кездегі мүдделер қақтығысы да мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін маңызды себептердің бірі болып табылады. Мемлекеттік функцияларды, оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іске асыру тетіктерін егжей-тегжейлі талдау сыбайлас жемқорлықтың таралуына ықпал ететін себептерді айқындауға және жоюға мүмкіндік береді.

      Осы күнге дейін азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және құқықтық ағартуға, әсіресе, халықтың күнделікті өмірінде неғұрлым сұранысқа ие қолданыстағы құқықтың салалары мен нормалары бойынша жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.

      Сыбайлас жемқорлыққа қарсы насихат негізінен бір жолғы акциялармен және науқандармен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы шаблон түріндегі сөздермен шектеледі, интернет-кеңістік жеткіліксіз пайдаланылады.

      Іс жүзіндегі ақпараттық өріс сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруда қоғамды шоғырландыруға әрдайым ықпал ете бермейді.

      Сыбайлас жемқорлық проблемаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет қабылдап жатқан шаралардың тиімділігін зерделеуге арналған социологиялық зерттеулердің деңгейі мен сапасы жетілдіруді қажет етеді.

      Қызметтік этиканың нормалары мен қағидаларын бұзушылықтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың өзінен әлі де заңнамалық деңгейде аражігі ажыратылған жоқ, бұл сыбайлас жемқорлықтықтың нақты көрінісін бұрмалайды, мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі өзекті бағыттарына күш-жігерін шоғырлауға кедергі жасайды және елдің сыбайлас жемқорлық рейтингісінің негізсіз өсуіне әкеледі.

      Бұл ретте сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері мен тиісінше оларды жасағаны үшін қолданылатын жаза деңгейлері арасындағы аражік нақты ажыратылмаған.

      Жекеше сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне деген тәсілдерді де айқындау уақыты келді.

      Мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласуы сыбайлас жемқорлықтың таралу саласын және оның анықтамасына жататын адамдар тобын айқын түсінуге негізделуі тиіс. Бұл ретте бизнесті дамыту үшін әкімшілік кедергілер мен елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету ісінде қиындықтар жасалмауы тиіс. Тұтастай алғанда мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы қысқаруға тиіс.

      Тәуелсіз Қазақстанның жалпы әлемдік кеңістікке одан әрі кірігуі бойынша жасап жатқан қадамдары біздің елімізді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерінде қабылданған белгілі бір халықаралық стандарттарды ескеруге міндеттейді.

      Сонымен бірге, мұндай стандарттар шетелдік серіктестердің ұсынымдарын пайдаланып қана енгізілмеуі тиіс. Халықаралық тәжірибе оның ережелерінің ел Конституциясына, қалыптасқан заңнамалық және құқық қолдану практикасына сәйкес болуы тұрғысынан, дәстүрлі және біздің елге тән құқықтық тетіктер мен институттардың қалыптасу және жұмыс істеу ерекшеліктерін ескере отырып, мұқият зерделенуге және егжей-тегжейлі талдауға жатады.



Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Қосымшалар:

Жаңартылған күні: 03.06.2022 10:14
Құрылған күні: 02.12.2024 00:04

СоцСети


«    Желтоксан 2024    »    
ДсCcБрСрЖмСбЖк
 
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31
 

Ұйымдар тізімі
Текст